Қант диабетінің алғашқы белгілері қандай?
Диабет әр адамда әртүрлі дамиды, десе де уақыт өте оларда бұл патологияның ортақ белгілері пайда болады
Қант диабеті деген не?
қант диабеті зат алмасудың бұзылуымен байланысты. Ол қандағы қант деңгейінің (глюкоза) созылмалы жоғарылауымен сипатталады.
Бұл аурудың пайда болу себебі - қан айналым жүйесінен глюкозаны алып тастауға және оның адам бұлшықеттеріне сіңуіне жауап беретін инсулин бөлінуінің және оның жұмыс істеуінің бұзылуы. Көмірсулар - ағза үшін тамақтану көзі: инсулин әсерінен ол глюкозаға дейін ыдырап, органдар жүйесі мен тіндерге түседі.
Егер бұл процестер бұзылса, қандағы глюкоза деңгейі көбейіп, диабет тудырады. Бұрын бұл ауруға егде жастағы адамдар шалдығады деп саналатын, алайда қазір қант диабетімен жастар да, жасөспірімдер де қиналады.
Оқи отырыңыз: Жүрекке пайдалы тағамдар
Жүрек шаншып ауырса не істеу керек
Қант диабетінің түрлері
Диабеттің бірінші және екінші типі жиі кездеседі. Қант диабетінің бірінші типі (инсулинге тәуелді) инсулин бөлетін ұйқы безі қызметінің проблемаларымен байланысты. Бұл аутоиммунды ауру: ұйқы безінің біраз жасушасы бұзылады, соның салдарынан қандағы инсулин мөлшері азаяды, көмірсулар сіңуі нашарлайды, глюкоза қанға жинала бастайды, ал бұлшықеттер оны дұрыс алмайды. Диабеттің бұл түрі жиі 30-35 жастағы адамдарда кездеседі.
Қант диабетінің екінші типі (инсулинге тәуелсіз) ұзақ уақытқа дейін еш белгісіз өтеді. Бұл кезде инсулин ағзада жеткілікті, бірақ ол қажет түрде жұмыс істемейді. Екінші типті қант диабеті көбіне жасы 35-тен асқан науқастарда пайда болады.
Қант диабетінің негізгі белгілері
Диабет әр адамда әртүрлі дамиды, десе де уақыт өте оларда бұл патологияның ортақ белгілері пайда болады:
жиі зәр шығару;
шөлдей беру, ауыздың құрғауы;
қарынның аша беруі;
ұйқысыздық пен күндізгі ұйқышылдық;
созылмалы шаршаңқылық;
жаралардың баяу жазылуы;
бас айналу;
координацияның бұзылуы;
қол мен аяқтың ұюы;
әртүрлі дерматиттер;
дене массасының бірден төмендеуі немесе артуы;
көрумен байланысты проблемалар;
бас ауруы;
зәрден ацетонның иісі шығу;
жоғары қан қысымы.
Егер өзіңізден осы белгілердің біреуін немесе бірнешеуін байқасаңыз, бұл дәрігерге қаралуға себеп.
Қант диабеті қалай анықталады?
Қант диабетінің екі түрі де қан мен зәр анализі арқылы, ондағы глюкоза деңгейіне қарап анықталады. Зәрдегі глюкоза бүйрек межесінен өткеннен кейін анықталады, алайда дәрігерлер тек бұл нәтижеге қарамайды. Себебі бұл меже жас ұлғая да артуы мүмкін.
Қан анализі нақтырақ нәтиже береді. Егер қандағы қант деңгейі жоғары болса, дұрыс диагноз қойылу үшін басқа күні қайталап қан тапсыру ұсынылады.
Қант диабетінің қалай алдын алуға болады?
Диабет әртүрлі себеппен пайда болады, бірақ оның алдын алуға жалпы ережелер бар:
салмақты бақылауда ұстау;
дұрыс тамақтану;
суды жеткілікті түрде ішу;
дәрумендер ішу;
спортпен айналысу.
Ескерту: өздігінен емделу қауіпті. Диагнозды тек дәрігер қоя алады.