Қазақстан денсаулық сақтау технологиясын бағалау саласында өз құзыретін дамытуға дайын – А. Ғиният
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният "Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту перспективалары" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында құттықтау сөз сөйледі.
Өкілдік форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР ДСМ басшысы халықты сапалы медициналық көмекке тең қол жеткізумен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы саясаттың негізгі қағидаты екенін хабарлады.
"Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) - халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды кезеңдерінің бірі, ол денсаулық сақтаудың неғұрлым клиникалық және экономикалық тиімді технологияларын қолдану үшін іріктеуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті А.Ғиният.
Бұл ретте ДСТБ клиникалық тиімділік дәлелдерін бағалау және экономикалық бағалау негізінде негізделетін және денсаулық сақтау жүйесіндегі шығындарды оңтайландыруға, бюджет қаражатын пайдалануды ұтымды етуге бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдаудың тиімді құралы.
"Қазақстанда денсаулық сақтау технологияларын бағалау рәсімі алғаш рет 2010-2013 жылдары Дүниежүзілік банк пен Үкіметтің бірлескен жобасын іске асыру барысында енгізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан осы салада табысты жұмыс тәжірибесіне ие, сондай-ақ GIN, ISPOR, HTAi және INAHTA халықаралық ұйымдарының институционалдық мүшесі", - деп хабарлады министр.
Мәселен, соңғы 5 жылда 450-ден астам хирургиялық араласулар мен диагностикалық әдістерге бағалау жүргізілді, халықаралық патенттелмеген атаулар бойынша 1049-дан астам дәрілік заттардан және дәрілік заттардың 7 мыңға жуық сауда атауларынан тұратын Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярдың тізбесі әзірленді және жыл сайын қайта қаралады. Қазақстанда денсаулық сақтау технологияларын бағалау қағидаттары негізінде 1100-ден астам клиникалық хаттамалар әзірленіп, жұмыс істейді.
"Аталған іс – шаралар медициналық көмекті стандарттауға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға, ал ел халқына денсаулық сақтаудың дәлелденген клиникалық және экономикалық тиімді технологияларын алуға мүмкіндік берді", - деп жалғастырды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Қорытындылай келе, ол Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл Денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы үздік тәжірибелерді қабылдауға және енгізуге мүмкіндік беретінін, осы өңірлердегі елдердің интеграциясы саласындағы перспективаларды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Бүгінгі конференция Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы ынтымақтастығын дамытуға құнды үлес қосатынына сенімдімін", - деп түйіндеді А.Ғиният.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағында Денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту перспективалары" тақырыбында екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.
Конференцияны ұйымдастырушылар - С.Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы "KazSPOR" Денсаулық сақтау технологияларын бағалау, дәлелді медицина және фармакоэкономикалық зерттеулердің қазақстандық қауымдастығымен бірлесе, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Фармакоэкономика мен нәтижелерді зерттеудің халықаралық қоғамының (ISPOR) және Денсаулық сақтау технологияларын бағалаудың халықаралық қауымдастығының (HTAi) қолдауымен өткізді.
Конференция бағдарламасында панельдік, пленарлық сессиялар мен ғылыми-практикалық симпозиумдар қарастырылған. Конференцияда 20 – дан астам елдің баяндамашылары -Денсаулық сақтау технологияларын бағалау, Денсаулық сақтау экономикасы мен саясаты, фармакоэкономика және дәрілік заттарды ұтымды пайдалану жөніндегі сарапшылар сөз сөйлейді деп күтілуде.
Конференция оқыту, кәсіби қарым-қатынас жасау, жинақталған тәжірибе мен озық идеялармен алмасу үшін кәсіби платформаны ұсынады. Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі денсаулық сақтау технологияларын бағалауда ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері бойынша сараптамалық талқылау және пікір алмасу жоспарлануда.