Ажар Ғиният ДДҰ Атқарушы комитетінің 150-ші сессиясының жұмысына қатысты
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Атқарушы комитетінің 150-ші сессиясының ашылуына қатысты.
Іс-шара 2022 жылғы 24-29 қаңтар аралығында онлайн-форматта өтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстан өткен жылдың қараша айында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының арнайы сессиясы барысында қабылданған пандемияға дайындықты қамтамасыз ету және ден қою шараларын қабылдау үшін үкіметаралық келіссөздер органының жұмысын ұйымдастыру қажеттілігін қолдайтынын атап өтті.
Министр сондай-ақ республикада өткізілетін азаматтардың денсаулығын сақтау бөлігіндегі негізгі іс-шаралар туралы хабардар етті.
"ҚР Үкіметі "дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасын бекітті. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына; эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыруға; отандық өндірістің дәрі - дәрмектері мен медициналық бұйымдарының қолжетімділігіне; салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайтуға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударылатын болады", - деп хабарлады Ажар Ғиният.
А.Ғиният Қазақстан 2022 жылғы маусым айының соңына қарай барлық елдер бойынша халықтың 70% - ын вакцинациялауға қол жеткізу бойынша ДДҰ-ның мақсатын қолдайтынын атап өтті. Халықты вакцинациялау және ревакцинациялау әрі қарай жалғасуда.
"COVID-19 пандемиясы барлық елдерге әсерін тигізді, тек әлемдік қоғамдастықтың бірлескен іс-қимылдары оны жеңуге және денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа сынақтарға дайын болуға көмектеседі. Қазақстан халық денсаулығын сақтау мақсатында ДДҰ-мен және басқа да халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен және үкіметтік емес сектормен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдайды", - деп қорытындылады Ажар Ғиният.