Қазақстанның COVID-19-ға қарсы күрес тәжірибесі Денсаулық сақтау министрлеріне таныстырылды
Денсаулық сақтау Вице-министрі және Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы мен ДДҰ ЕӨБ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасы ұйымдастырған «Еуропалық өңірдегі COVID-19 жағдайы: жинақталған тәжірибені талдау және одан әрі іс-қимылдарды белгілеу» тақырыбындағы онлайн кеңеске қатысты.
Іс-шара ДДҰ-ға мүше мемлекеттер арасында пікір алмасуға бағытталған және жинақталған білім мен тәжірибені талдауға, COVID-19 таралуын болдырмауға, аурудың ауыр жағдайлары мен оның өлімінің алдын алуға бағытталған.
Кеңес барысында мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау құрылымдарының өкілдері COVID -19 ауыр жағдайларының санын азайту және олардан болатын өлім-жітім деңгейін төмендету үшін қандай шаралар қолданылғаны туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ерлан Қиясов шетелдік әріптестерін COVID-19 байланысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін ҚР Үкіметі қабылдаған шаралар туралы хабардар етті.
Вице-министр Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы, КВИ таралуына қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеу, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықты болжау жөніндегі жұмыс тобының қызметі және қажетті жауап шараларын әзірлеу туралы хабарлады.
Сондай-ақ, Ерлан Қиясов халықты тестілеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, байланыста болған адамдарға мониторинг жүргізу, ақпараттық технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты ақпараттандыру және 16 жұқпалы аурулар ауруханасын салу бойынша жұмыстарды жандандыру туралы айтып берді.
«Коронавирустық инфекцияның таралуының ағымдағы жай-күйі негізінде эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы әзірленді, оның көмегімен шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету бойынша шешімдер қабылданады», - деп атап өтті ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Вице-министр қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирустық инфекция аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілгенін, тәулігіне 700-ге жуық жағдай тіркелгенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда біз барлық күш-жігерімізді COVID-19-ға қарсы вакцинациямен қамтуды арттыруға бағыттадық. Қазақстан Республикасында вакцинация ағымдағы жылдың 1 ақпанынан басталды, республика азаматтарына коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында шұғыл қолдану үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Гам-КОВИД-Вак», «QazVac», «Hayat-Vax» вакциналарының, сондай-ақ «КоронаВак» және «Синофарм» вакциналарының бес түрі қолжетімді болды», - деп баяндады ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.
Сонымен қатар, ол шетелдік әріптестеріне жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациялау, сондай-ақ халықты қайта вакцинациялау науқаны туралы хабарлады.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер азаматтардың еркін жүріп-тұруын шектейтін вакцинация паспорттарын өзара танудың төмен қарқынына қатысты проблемалық мәселеге жеке тоқталды.
Айта кету керек, Қазақстан бүгінде әлемнің 20 елімен вакцинация паспорттарын өзара тануға қол жеткізді.
Өз баяндамасын қорытындылай келе, вице-министр Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың және COVID-19 таралуының алдын алуда елдердің тәжірибе алмасуының маңыздылығын тағы да атап өтті.