Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек шығару жоспарлануда
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекеттік делегация құрамында жұмыс сапарымен Швейцарияда жүр.
Бүгін Женевада Мемлекет басшысының сапары аясында Қазақстан-Швейцария бизнес-форумы өтті. Форумда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Roche фармацевтикалық компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Кристоф Франц ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Roche компаниясы арасында стратегиялық әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылған кездесу өткізді.
Негіздемелік келісім Қазақстан Республикасының аумағында фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және дәрілік заттардың жергілікті өндірісінің үлесін ұлғайту, атап айтқанда, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар өндірісін оқшаулау жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Roche компаниясы арасындағы ынтымақтастықтың қағидаттары мен ниетін белгілеуге бағытталған.
Қымбат бағалы инновациялық өнімдер өндірісін дамыту, саланы технологиялар трансфері, бірегей дәрілік заттарды оқшаулау және субстанциялар өндірісі бағытында ілгерілету бүгінгі күні сала үшін маңызды мәнге ие. Отандық өндірісті дамыту үшін қуатты ынталандыру BIGPHARMA ТОП-50 ірі әлемдік фармацевтика индустриясымен өзара іс-қимылды дамыту болып табылады.
Сондай - ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Sandoz-тің Еуропа бойынша басшысы және Sandoz Атқарушы комитетінің мүшесі Ребекка Гунтернмен кездесу өткізді, онда ҚР-да дәрілік заттар-генериктер мен биосимилярлар өндірісін оқшаулау бойынша жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, ҚР ДСМ басшысы Алексей Цой «m-3 Group» холдингінің президенті Абдалла Шатиламен келіссөздер жүргізді.
Тараптар бірлескен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, «m-3 Group» холдингінің ұсыныстарын қарауға дайын екендіктерін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «m-3 Group» холдингінің өкілдері арасында ықтимал ынтымақтастық мәселелерін талқылау бойынша онлайн-кездесу өтті. Кездесу аясында ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ» мен холдинг арасында Медициналық және ветеринариялық вакциналарды өндіру мен экспорттауды ұйымдастыру үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Анықтама: F. Hoffmann-La Roche компаниялар тобына кіретін швейцариялық Roche холдингі-фармацевтика және диагностика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Онкология, вирусология, ревматология және трансплантология саласында биотехнологиялық дәрілік препараттардың жетекші өндірушілерінің бірі болып табылады. 1896 жылы Базельде құрылған. Әлемнің 150 елінде өкілдіктері және 90 мың қызметкерден тұратын штаты бар. Қазақстанда 1993 жылы компанияның өкілдігі құрылды, ал 2013 жылдан бастап холдингтің мүддесін «Рош Қазақстан» ЖШС ұсынады.
Sandoz AG инфекциялық, дерматологиялық, онкологиялық, респираторлық ауруларды және адамның жүрек – қантамыр және орталық жүйке жүйесінің бұзылыстарын емдеуге арналған биосимилярлар мен дженериктер - қайта өндірілген дәрілік заттарды әзірлеу мен өндіруде әлемдік көшбасшы болып табылады. SANDOZ дәрі-дәрмектерін әлемнің 140 елінде 500 миллионнан астам адам пайдаланады. 2019 жылы компанияның сату көлемі 9,7 млрд.
«M3Group» холдингі өз қызметін 1950 жылдан бастап денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі және қауіпсіздік қызметтері сияқты 4 салада жүзеге асырады. Компанияда Швейцарияда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация орталықтарының желісі бар. Сондай-ақ, Швейцария мен Францияда жылына 350 миллион маска шығаратын медициналық маскалар шығаратын зауыттар іске қосылды.
Холдинг Қазақстандық нарық пен экспорт үшін Қазақстанда «QazVac» вакцинасын өндіруге немесе оны шетелде (Швейцарияда немесе Францияда) өндіруге лицензия алуға мүдделі.